Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы

Женевада Наурыз мерекесі аталып өтті

Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі 2025 жылдың 3-5 сәуір күндері Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды. Бұл шаралар қазақ халқының мәдениеті мен өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталды.

Мерекелік бағдарламаның аясында Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» би ансамблі және дәстүрлі әншілер ұлттық өнердің үздік үлгілерін ұсынды. Көрермендер қазақтың күйі мен әндерін тыңдап, ұлттық билерді тамашалап, Наурыз мейрамының ерекше атмосферасын сезінді.
Бұл шара Қазақстанның мәдени дипломатиясын дамытуға және халықаралық қауымдастықпен мәдени байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосты.

 

Наурыз – түркі әлемін біріктірген мереке

3 сәуір күні Женева қаласында өткен халықаралық қабылдау салтанаты Қазақстанның бастамасымен Ауғанстан, Үндістан, Ирак, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан елдерімен бірлесе ұйымдастырылды. Бұл күн – Орталық және Оңтүстік Азия халықтарының ортақ мерекесі саналатын Наурыздың бірлік пен ынтымақты дәріптейтін рухын халықаралық аренада сезінуге мүмкіндік берді.

1500-ден астам қонақ, соның ішінде БҰҰ құрылымдарының басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері мен Женевада тұратын отандастарымыз ұлттық тағамдардан дәм татып, түркі халықтарының салт-дәстүрімен жақын танысты. Қазақтың кеңпейіл дастарханы мен әсем ұлттық нақыштағы безендірулер ерекше ықыласпен қабылданды.

Қазақ өнері халықаралық сахнада

4 сәуір күні Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің ғимаратында жалғасқан мерекелік жиын – мәдени мазмұны терең, рухани мәні зор кешке ұласты. Бұл шараға халықаралық ұйым басшылары, шетелдік дипломаттар және Қазақстанның достары қатысты.

Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілі, Елші Ерлан Әлімбаев өз сөзінде Наурыздың тек көктем мерекесі емес, ұлттар арасындағы достық пен мәдени түсіністікті нығайтатын рухани көпір екенін атап өтті.

Сахна төрінде Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» би ансамблі өнер көрсетті. Дәстүрлі әндер мен күйлер, ұлттық би мен сахналық қойылымдар – қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында ұсынылған ұлттық дәм – қазақтың қонақжайлығын, рухани дарқандығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Мәдениет – ел рухының айнасы

 

Женева төріндегі бұл Наурыз мерекесі – Қазақстанның мәдени болмысын жаһанға танытқан жарқын үлгі болды. Ұлттық өнеріміздің шет ел сахнасында әуелей шырқалуы – халқымыздың тарихи жады мен заманауи мәдениетінің сабақтастығын дәлелдейтін маңызды мәдени оқиға.

Тілді таңдаңыз: